АҚШ президенті Дональда Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин 15 тамызда Аляскада кездеседі. Бұл жөнінде жұма күні кешке Дональд Трамп мәлімдеді.
Әзірге кездесудің жай-жапсары белгісіз. Алайда журналистердің сұрақтарына жауап берген президент Трамп Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім "жер алмасудан" да тұратынын айтты.
"Өзара тиімділік үшін біраз жер айырбасталады... Бір нәрсені қайтарамыз, бір нәрсені айырбастаймыз" деді Дональд Трамп журналистерге. Нақтысын алдағы уақытта айтатынын жеткізді.
Трамп Путинмен кездесуге дайындық жөнінде Ақ үйде Әзербайжан мен Нахчыван арасындағы көлік дәлізін орнату туралы келісімге Әзербайжан мен Армения басшылары қол қойған кезде хабарлады.
Америка-Ресей саммиті өтетіні 6 тамызда Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф Мәскеуге барғаннан кейін айтыла бастаған. Трамптың сөзінше, ол Путинмен де, Зеленскиймен де келіссөз өткізуді көздеген, Путин және Зеленскийдің үшжақты кездесуін де жоққа шығармады. Ал Мәскеу өкілдері үшжақты кездесу туралы айту әзірге ерте деп санайды.
Трамптың мәлімдемелеріне сүйенген сарапшылардың сөзінше, Украинаға Ресей басып алған украин жерінің біраз бөлігінен бас тарту ұсынылуы мүмкін. Осыған дейін Киев бұл шарттан бас тартқан.