Әлиев пен Пашинян Ақ үйде ұзақ жылдық соғысты аяқтауды көздейтін бейбіт келісімге қол қойды

Әзербайжан, АҚШ және Армения басшылары қол алысып тұр. Вашингтон, 8 тамыз, 2025 жыл.

Армения мен Әзербайжан АҚШ-тың араағайындық етуімен ұзақ жылдық соғысты аяқтауды көздейтін бейбіт келісімге қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі АҚШ президенті Дональд Трамп ұйымдастырған Ақ үйдегі салтанатты шарада өтті.

"Олар 35 жыл соғысты. Енді дос" деді кездесуден кейін Трамп.

Трамптың екі жағынан орын алған Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев 8 тамызда АҚШ-пен экономикалық мүмкіндіктерді бірігіп дамыту туралы келісімге де қол қойды.

Трамп оларды ондаған жыл бойғы жанжалдардан кейін тұрақты бейбітшілікті жақтап, келісімге қол жеткізген тұлғалар ретінде тарихқа енетін "өте ақылды басшылар" деп атады.

"Армения мен Әзербайжан барлық соғыс қимылдарын түбегейлі тоқтатып, сауда, саяхат және дипломатиялық қарым-қатынасты жандандыруға, бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге міндеттелді" деді Трамп.

Бұған дейін Reuters бейбіт келісім ұзақ жылдық соғыстан кейінгі екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуды, энергетика, технология, инфрақұрылым және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Америкамен келісімге қол қоюды, сонымен бірге 1992 жылы жанжалды реттеу мақсатында құрылған Минск тобын (Франция, Ресей, АҚШ бірігіп жетекшілік етеді) таратуды қарастыратынын жазған.

Экономикалық келісім 1990 жылдан бері жабық болған Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық транспорт дәлізінің жұмысын қалпына келтіруге жол ашуы мүмкін. Мәселе Армения аумағы арқылы өтетін Әзербайжан мен Нахчеван экславы арасындағы көлік дәлізі туралы болып отыр.

Құжат темір жол, мұнай-газ құбырлары, талшықтық оптика сымдарын орнатуды қарастырады. Бұл тек тауар емес, адамдарды да тасымалдауға жол ашады. Пашинянның ұсынысымен көлік дәлізі "Халықаралық бейбітшілік және гүлденуге арналған Трамп жолы" (Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) деп аталады.

"Біз текетірес пен қайшылық, қантөгіс беттерін жабамыз. Балаларымызды жарқын әрі қауіпсіз болашақпен қамтамасыз етеміз. Мен өте қуаныштымын, себебі бүгін жаңа ұлы тарихты жазып жатырмыз" деді Әлиев қол қою рәсімі кезінде.

"Бүгін біз армян-әзербайжан қарым-қатынасындағы маңызды кезеңге қол жеткізіп, бұрынғы тарихымыздан жақсырақ тарих жазудың іргетасын қаладық" деді Пашинян.

ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР

Лондонда шоғырланған Chatham House сараптама орталығының ғылыми қызметкері Лоуренс Броерс келісімді "ірі қадам" деп атамас бұрын көбірек ақпарат керектігін айтты.

"Жалпы алғанда бізде жауапсыз сұрақтар көп" деді сарапшы Азат Еуропа/Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.

"Әуелі айқындап алатын жайт бар: бейбіт келісімге қол қойылған жоқ, тек осыған дейін орындалып қойған келісімге қол қою міндеті ғана бар" деді ол.

Оның сөзінше, Минск тобын таратудан да бөлек күрделі шарттар бар.

"Біз әзірге мақсатқа жеткен жоқпыз, әрине қарқынды арттыру және бейбітшіліктен айнымақтастықты жаңғырту әрине, құптарлық жайт" деді ол.

ЕҚЫҰ бейбітшілікке ұмтылыс жолын жылы қабылдап, Армения мен Әзербайжанды бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды.

Халықаралық дағдарыс орталығының Оңтүстік Кавказ бойынша кеңесшісі Конуль де Мур Ақ үйдегі оқиғаны бейбітшіліктің басы ретінде қарастыруға болады, бірақ айқын емес тұстары бар деді.

"Алдағы күндері бізде осы [көлік] дәлізі немесе жол жөнінде көбірек ақпарат болады. Әзербайжан талап етіп отырған сол дәліз бе? Ережелері қандай болмақ? Шекара қалай ашылмақ? Бұл мәселелер шешілген бе?" деді ол.

Оның сөзінше, келісімге кедергі келтіріп отырған жайттардың бірі Әзербайжанның Армения Конституциясына өзгеріс енгізу туралы талабы. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, мұндай өзгерістер 2027 жылға дейін қабылдануы мүмкін.

"Бұл талап та бейбітшілік келісіміне жолда кедергілердің бірі болайын деп тұр" деді ол.

РЕАКЦИЯ

Түркия келісімді құптап, "Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнап, гүлденуі үшін тарихи мүмкіндік пайдаланылды" деп мәлімдеді.

Бұл оқиға "аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету көзқарасы тұрғысынан өте маңызды" деп жазылған Түркия СІМ мәлімдемесінде.

Ресей мен Иран келісімге аса қатты қуана қоймайды, себебі Армения арқылы көлік дәлізінің ашылуы мұнай-газға бай Кавказ бен Орталық Азияны Ресей мен Иранды айналып өтіп Еуропамен жалғауы мүмкін.

Бұған дейін Мәскеу мен Тегеран да Иранға шекаралас - Арменияның стратегиялық маңызды Сюник аумағына АҚШ-тың келу ықтималдығына алаңдаушылық білдірген.

Мәскеу Вашингтонды армян-әзербайжан бейбітшілік процесін қолға алуға талпынып, аймақтық державаларды екінші орынға ысырмақ болды деп айыптаған.

"Батыс елдері Баку мен Ереванды татуластыру процесін өздерінің рельсіне бұруға талпынып жатыр. Бұл рельстің әдетте қайда баратынын білеміз. Бұл аймақтың қауіпсіздік жүйесіндегі тепе-теңдікті бұзуы мүмкін" деген Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 24 шілдеде.

Иран да келісім Армениямен шектесіп жатқан солтүстік аумағына қатер төндіруі мүмкін деп қарсы шықты.

Chatham House сараптама орталығының өкілі Лоуренс Броерстің пікірінше, Ақ үйде қол қойылған келісімге екі фактор кедергі келтіруі мүмкін: Ресей мен Иран. Екеуінің де Кавказда ықпал ету тетіктері бар деді ол.

ҚАЗАҚСТАН ДА РЕАКЦИЯ БІЛДІРДІ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда Әзербайжан мен Армения елдері арасында қол қойылған келісімге реакция танытып, оны “тарихи жетістік” деп атады.

Аталған құжат қос мемлекет арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығысты түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашты” деп жазылған Ақорданың сенбі күнгі хабарламасында.

Хабарламада Тоқаев араағайындық танытқан АҚШ президентінің “тегеурінді әрі тиімді бітімгерлік миссиясын” атап өтіп, “Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды” деді.

Былтыр Алматыда Оңтүстік Кавказдағы екі ел арасында бейбіт келісім орнатуға бағытталған келіссөз өткен. Оған Армения, Әзербайжан және Қазақстан сыртқы істер министрлері қатысқан.

  • Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армяндар басым болған. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады. Аймақтың тәуелсіздігін Арменияның өзі де мойындаған жоқ.
  • 2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
  • 2023 жылы күзде Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
  • Сол жылы қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады. Қазан ортасында президент Ильхам Әлиев Ханкенді (Степанакерт - мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы астанасы) қаласында Әзербайжан туын көтеріп, осылайша Баку Қарабақты толық қайтарып алғанын білдірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚШ Зангезур дәлізін өз бақылауына алуды ұсынды. Армения, Әзербайжан және Иран бұған қалай қарайды?"Болашақта не болатынын ешкім білмейді". Қарабақта туып-өскен әзербайжандар мен армяндардың туған жерге сағынышы Таулы Қарабақтың тағдыры шешілгендей. Ендігі дау Зангезур дәлізі жөнінде болмақБаку Таулы Қарабақты қайтарып алғанын мәлімдеді. Әзербайжан неліктен дәл қазір шабуылға барды?Армения Батысқа бет бұрды ма?