Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында елдегі алғашқы атом станциясы құрылыс жобасы ашылып жатқан тұста Алматыда атом станциясын салуға қарсы шыққан бес белсендінің соты жалғасып жатыр.
Блогер Абзал Достияровтың сөзінше, бір күн бұрын белсенділердің сотынан судья өзін және тәуелсіз журналист Қойшыбек Мүбәракті “еш түсіндірместен шығарып жіберген”. Бұған дейін оларға “ақпарат таратып, сотқа қысым жасап жатсыңдар” деп айтқан. Мемлекеттік БАҚ өкілдері сотқа еркін кіріп жатқанын айтқан блогер мұны “ақпарат құралдарын алалау” деп атады.
Блогер жариялаған видеода сот инспекторы “ақпарат құралын алалау” дегенмен келіспейді, бірақ нақты себебін түсіндірмейді. Бейсенбі күнгі сотқа қатысқан мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи оларға бұл бойынша прокуратураға жүгіну керектігін айтқан.
8 тамызда Азаттық Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Гүлжанат Әзімбаева “Ол ашық сот. Бәрін тізіммен кіргізді. Істі қарап жатқан Алмалы аудандық соты, сол сотқа өздеріңіз сұрау жіберіңіздер” деді. Азаттық ресми сауал әзірлеп жатыр.
Айдар Мүбәраков, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған. Оларға "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.
Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты: блогер мен тәуелсіз журналист өздерін сотқа кіргізбегенін айтты
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Оңнан солға қарай: Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.